ҰЛТ ЖӘНЕ ДІН реферат
Опубликовал: Admin
7-10-2020, 04:20
Просмотров: 1108
Комментарии: 0
Мұртаза БҰЛҰТАЙ

АУМАЛЫ-ТӨКПЕЛІ КЕЗЕҢДЕГІ
ҚОҒАМ, ТҰЛҒА ЖӘНЕ ДІН

Қоғам – адам баласын басқа махлұқаттан даралайтын басты қасиеттің бірі. Жеке тұлғалардан (фәрдтер) құралатын адам қоғамы кейде тұрақты әлеуметтік сипат танытса, кейде экономикалық (ықтисади), саяси һәм әлеуметтік (ижтимағи) өзгерістер салдарынан кернеулі де тұрақсыз кейіп танытады. Сойылынан қан тамған Кеңес империясының құрдымға кетуімен басталған әлеуметтік өзгерістер мен дағдарыстар зобалаңы біздің елімізді де шарппай қойған жоқ. Соңғы 10 жылдың көлемінде елімізде менталитет, ой-сана, тәрбие, сенім, дағды жағынан жаңа қоғам – Қазақыстан қоғамы қалыптасуда. Қазақыстан азаматтары – Қазақыстан қоғамын қалыптастыратын фәрдтер. Ықтисадтық, демографиялық, психологиялық, саяси, әлеуметтік өзгерістер әбден күшейген осы кезеңде фәрдтерге (жеке адамдарға) назар аударып, олардың аумалы-төкпелі кезеңді шығынсыз һәм жарақатсыз өткізуіне көмектесуіміз ләзім. Бұл біздің еліміздің келешектегі өміріне тікелей тәсір ететін жағдай. Біздің осы мақаладағы мақсатымыз – өтпелі кезеңдегі фәрд пен қоғамның әлеуметтік мәселелерінің шешілуіндегі діннің рөлін, маңызды орнын талдамақ.
Дін дегеніміз тұңғыш инсан[1] Адам Атамыздан бері қарай мәужүт[2] нәрсе. Бәшериет[3] тарихында дін әрқашан да болған, бола да бермек. Атақты философ Һенри Бергсон (Henry Bergson, 1859-1941): “Өткен тарихта және заманымызда ғылымды, пәнді яки фәлсәфәні білмейтұғын инсан қоғамдарын кездестіруге болады. Бірақ, дінсіз ешбір қоғам болмайды” деген. Тағы бір батыстық философ Уильямс Жеймс (Williams James, 1842-1910) болса: “Біздің ойымызша адам баласы ең соңғы күнге дейін құлшылығын жалғастырмақ” деген. Эрнест Ренан (Ernest Renan, 1823-1892): “Сүйген нәрселеріміздің, дүниедегі өміріміздің және нығметтердің бәрінің жоқ болып кетуі мүмкін. Діндарлығымыздың жоғалуы болса әсте мүмкін емес” дейді. Бартемели Сэйнт Хилаирдың (Bartemely St. Hilair) діндарлықтың пайда болуы хақында айтқаны: “Ілім деген не? Инсан деген не? Бұлар қайдан келді? Оларды кім жаратты? Соңы қалай болмақ? Хайат[4] деген не? Өлім деген не? Өлімнен кейін не болмақ? Әр милләт,[5] қоғам және жамағат осы сұрақтарға өзінше жақсы-жаман, қабылданар-қабылданбас жауаптар берген. Міне, діндарлық дегеніміз осы” деген.[6] Сондықтан, дін секілді адамның адамдығының басты көрсеткіші болып табылатын қасиетті ұғымның әлеуметтік өмірдегі орны мен маңыздылығын жете зерттеп, әбден түсінуіміз шарт. Діндер тарихын зерттеген мамандар діни сезімдердің адамдарды біріктіруде қандастық, жерлестік, руластық, нәсілдестік қатарлы факторлардың бәрінен де күшті болғанын дәлелдеген. Дін адамның өзінің жаратылысындағы құпияларды анықтап, табиғаттағы құбылыстардың, ғарыштағы қозғалыстардың астарын түсіну үшін ізденіске түсуінен, сұрақтарға жауап іздей бастауынан алау алған сезімнен туындайды. Құран Кәрімдегі мына аяттар осыған саяды:
“51/21: Өз бойларыңда Аллаһ Тағаланың барлығының неше дәлелдері (нышандары) бар! Көрмейсіңдер ме?” [7]
“88/17-20: Адамдар түйенің қалай жаратылғанына, аспанның қалай биіктетілгеніне, таулардың қалай үйілгеніне, жердің қалай жайылып төселгеніне қарамай ма?” [8]
Ешбір қоғамның дінге жеңіл қарамағаны белгілі. Хақ болсын, ғайрихақ болсын адамдардың өз діндеріне берілгені, хатта (тіпті), сол дін үшін жанын аямағаны байқалады. Пайғамбарымыздың кезіндегі бұтқақұл арабтар Мәулеміздің[9] уағызына, түсіндірген дініне немқұрайдылықпен қараған жоқ, олар кім не істесе соны істесін деген жоқ. Олар Исламды тоқтату үшін қарулы қақтығыстар, қуғындау, қудалау сықылды қаймықтырушы қатал шаралардың бәрін де қолданды. Сондықтан, діндарлық сезімнің қаншалықты күшті екенін осысынан-ақ байқауға болады. Түркі халықтары да өздері қабылдаған діндерді сақтап қалу үшін аталмыш шаралардың бәрін қолданған.
Діни жолдар 1) Құдайы (Иләһи) бұлақтан 2) адами бұлақтан хасіл болған. Адами бұлақ дегеніміз адамдардың ағаштарға, аспан денелеріне, жыртқыш аңдарға, теңізге, тауға т.т. табынуы, ал Құдайы (Иләһи) бұлақ дегеніміз Адамнан бастап, нәбилер[10] арқалы күллі адамзатқа мәлім етілген хақ жол. Нақтылы Бір Аллаһ ұғымына жету, әрине, әркім үшін оңай болмасы анық; үйткені, адамдар көбінесе көзге көрінетін, заттық тәңірлерге сенуге мейілді (бейім) болып келеді. Заттық денелерден арылған, шексіз, барлық құдірет иесі Аллаһ ұғымына жету үшін адамның көп ұмтылып, зер салып, ойланып, толғануы керек. Сондықтан, тарих қойнауында пайда болған наным-сенімдерге осы тұжырымды ескере қарағанымыз жөн.
Күрделі әлеуметтік өзгерістерді бастан кешіріп жатқан қоғамдарда мынандай әлеуметтік-экономикалық аурулар пайда болады;
• Құлдыраушылық (коррупция)
• Парақорлық
• Ахлақи (этикалық) дағдарыстар
• Жыныстық-эпидемиялық аурулар
• Надандық, білімсіздік
• Нашақорлық (есірткіге тәуелділік)
• Маскүнемдік (алкоголизм)
• Контрабандалық әрекеттер
• Миссионерлердің жаппай көбеюі
• Дін ауыстыру
• Кісі жақтау және алалау
• Жерлестік, руластық
• Азаматтарды оқшаулау (дискриминация)
• Әділетсіздік
• Сенімсіздік, белгісіздік
• Ықтисади дағдарыстар
• Жұмыссыздық, кедейлік
• Ұятсыздық, жезөкшелік
• Өзін өзі өлтірушілік (суицид)
• Демографиялық ауытқулар
• Ішкі һәм сыртқы көш
• Ифрат уә тәфрит (экстремизм)
• Қылмыскерліктің артуы т.т.
Міне, осындай күрделі өзгерістерге ұшырап, әлеуметтік-ықтисадтық ауруларға шалдығып жатқан қоғамдағы діннің маңыздылығын жаңадан ашқандаймыз. Хақ дін Исламның аталмыш мәселелердің оңды шешімін табуы тұрғысында қаншалықты елеулі рөл атқара алатыны енді-енді көрер көзге аян болып келе жатыр. Жетпіс жыл бойына қалыптасып, тамырын терең жайған Кеңестік қоғамнан жаңа қоғамға бет бұрған фәрдтердің (тұлғалардың) бұл күндері санасында белгісіздік, сенімсіздік сықылды адам қоғамының дұшпаны саналатын кері сипаттар ен жайлауда. Қоғам мүшелерінің бірін-бірі танымауы, біріне-бірі сенбеуі – олардың алшақтауына, ал бұл үрдіс асқынғанда сол елдің мемлекеттілігіне қауіп төнуіне апарып соқтырады. Жасалып жатқан реформалардың азаматтардың көңілінен шығуы – азаматтардың реформаларды жөнді түсінуіне һәм қолдауына тікелей байланысты. Үйткені, билік басындағылар демократиялық түзімде билік күшін халықтан алады.
Исламият мемлекеттік билікті нығайтушы, адамдарды жақындастырушы, қоғамның тамырындағы қанның айналымын реттеуші, бірлікті, ұйымшылдықты уағыздаушы дін. Осындай өтпелі дәуірдегі адамдардың діни сана-сезімін ояту, арттыру арқалы олардың һәм қоғамның өтпелі кезеңнен жайбарақат шығуына мүмкіндік жасаймыз.
Адамды қозғалтушы, тіршіліктің қамына жұмсаушы, белгілі мінез-құлық танытушы ішкі факторлары бар. Бұларды қызығушылық, қалау, қажетсіну, тілеу, ұнату, армандау, ұмтылу, мақсат тұту, талпыну, көксеу сықылды сөздермен түсіндіруге болады. Осы факторлар саналы яки санасыз, физиологиялық, сезімтал (эмоциялық), ақыли һәм әлеуметтік бола алады. Адамның жүріс-тұрысы мен мінез-құлқындағы, өзін-өзі ұстауындағы (тауыр) негізгі күшті өндіретін осы ішкі факторлар түрткі (мотива) деп аталады.[11] Әр фәрдтің тауырларын анықтайтын динамикалық факторлар жиынтығына түрткілену (мотивация) дейміз. Адамның діни әрекеттерін түрткілейтін факторларды былайша сұрыптауға болатын секілді;
1. Дінге деген қажеттілік
2. Діни қалаулар
3. Адамның табиғат құбылыстары алдындағы шарасыздығы және оcының салдарынан пайда болған Тәңірден жәрдем сұрау талабы
4. Әр түрлі кедергіге душар болған адамның дінге ұмтылу түрткісі
5. Әлеуметтік махрұмдық
6. Басқа дүниеге, басқа өмірге сену
7. Өлімнен қорқу, мәңгілік өмірді армандау
8. Ахлақи (этикалық) түрткілену (мотивация)
9. Кінәлілік һәм күнәкәрлық сезім
10. Өзінің кім екенін табу түрткісі
11. Қиналу және діндегі сенімділік
12. Ақылдың талаптары
13. Болмысты түсінуге деген құштарлық
14. Әлеуметтік үндестік һәм ахлақи (этикалық) құндылықтарды сақтау түрткісі
Адамның тумысынан, болмысынан діни қабілетке ие екені анықталған. Адам баласы осы діни қабілетпен дүниеге келеді де діни сенімді іздейді. Балалар психологиясымен шұғылданған ғалымдардың зерттеулері жас балалардың дінге бейім һәм діни мәселелерге ерекше кіріптар келетінін анықтаған.[12] Батыс ғалымдары ХХ ғасырда қол жеткізген осы ғылыми хақиқат, осыдан 14 ғасыр бұрын Құран Кәрим аяттары мен Әз Пайғамбардың хадистерінде “Фитрат” сөзімен түсіндірілген-ді;
“Сен Аллаһ Тағаланы бірлеуші болып жүзіңді дінге, Аллаһ Тағаланың фитратына бұр! Аллаһ күллі адам баласын осы фитрат бойынша жаратқан! Оның жаратуын өзгертуге болмайды! Міне, тура дін осы, бірақ, адамдардың көбісі мұны білмейді!”[13]
Фитрат сөзі арабтың “фатр” етістігінен шыққан; бір нәрсені бастапқыда жару, қазу, ең алғашқы жаратылыс дегенді білдіреді. Бұл алғашқы адамның жаратылуы мен оған фитратта берілген қасиеттерді, қабілеттерді білдіреді. Исламият фәрдтің иманының берік, жанұяның мықты, қоғамның ұйымшыл һәм ынтымақты болғанын қалайды. Ғибадаттардың көпшілігінің жамағатпен жасалуы қоғамға, жамиғат өміріне қаншалықты мән берілгендігін көрсетеді. Құлшылық сәті адамдардың бір-біріне ең жақындайтын кезі. Сондықтан, жамағатпен жасалатын рәсімдер, дұғалар қоғам мүшелерінің бірлігін нығайтады, олардың етене араласуына септігін тигізеді. Алайда, технологиялық тұрғыдан әжептәуір дамыған батыс елдерінде “индивидуализмнің” салдарынан миллиондаған тұрғындары бар қалалардағы көптеген адамдардың өздерін “жапа-жалғыз” сезінетіні анықталған. Өзін жалғыз, тасталған, тысталған сезінетін адамдарда қоғамға бағыныштылық сезімі әлсірейді, жанұя ұғымына салқын қараушылық пайда болады. Мұндай адамдарда өзімшілік ауруы асқынады…
Исламият адамдарды еңбек етуге, сабырлылыққа, қайраттылыққа, мәреге жету үшін қажыр көрсетуге шақырады. Төмендегі Құран аяттары осыған меңзейді;
“Аллаһ саған берген несібелерден (Оның жолында жұмсап) ахирет мекенін көзде, бірақ, дүниедегі нәсібіңді де ұмытпа! Аллаһ саған ихсан еткендей, сен де (адамдарға) жақсылық жаса! Жер бетінде бұзақылықты қалама! Күдіксіз, Аллаһ бұзақыларды жақтыртпайды!” [14] “Шынында адамға еңбегінен басқа еш нәрсе жоқ!” [15]
“Сол күні әр нәпсі жасаған жақсылықтары мен жамандықтарын алдында көреді!” [16] Пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммедтің (569-632) мына мүбәрәк хадистері қандай тамаша;
“Ризықтың оннан тоғызы тижаратта-дүр (сауда-саттықта)”
“Іс-әрекеті тура мұсылман саудагер қиямет күні пайғамбарлар және шәһидтермен бірге болады”
“Ризықты жердің астындағы нәрселерден іздеңдер”
“Өнер (ісмерлік) – кедейліктен сақтайтын қорған”
“Еңбек етіп кәсіп қылу әрбір мұсылман еркек пен әйелге фарыз-дүр”
“Халалды іздеу әр мұсылманға уәжіп-дүр (маңызды міндет)”
Жоғарыда мағналары келтірілген аяттар мен хадистерде әлеуметтік қайырымдылық, дүниелік тіршілік үшін қамдану, еңбек ету, жақсылық жасау, әлеуметтік тыныштықты бұзбау (сақтау) секілді тақырыптар туралы маңызды хүкімдер келтірілген. Исламияттың осы хүкімдерін жете түсінген, хақтығына иман еткен фәрдтер әлеуметтік өзгерістер толқынына қарамастан адал еңбек етеді, тапқанын Аллаһ жолында жұмсайды, жарлы-кембағалдарға көмектеседі. Олар еңбексіз еш нәрсенің болмайтынын біледі. Олар әлеуметтік өзгерістерге душар болған қоғамда өздерінің иманын, сенімін, өмірлік жолын сақтай біледі; әр түрлі қиыншылықтар мен таршылықтардың емтихан екенін түсінеді;
“Біз қай елге бір пайғамбар жіберсек, оның халқын жалынып, жалбарынулары үшін мұтлақа (міндетті түрде) жоқшылық һәм таршылықпен қинағамыз” [17] “Шынында біз, перғауынның ұрқын, олар ғибрат алар ма деп, ұзақ жылдар бойы жұт және табыс тапшылығымен қинадық” [18]
“Аллаһ бір шаһарды мысал етті; бұл шаһар сенімділікте, қауіпсіздік орнаған һәм хұзырлы (тыныш) еді. Оған жан-жақтан мол ризықтар ағылушы еді. Бірақ та олар Аллаһтың ризықтарына опасыздық жасады (шүкірін орындамады). Аллаһ та оларға, жасаған қылықтарының салдарынан, аштық һәм қорқу киімін (пәлекеттерін) татқызды” [19]
“Әлбетте, күдіксіз сенен бұрынғы үмметтерге де пайғамбарлар жібердік. Бізге жалбарынулары үшін оларды таршылық һәм мұңмен қармап, жазаладық” [20] “Менің зікірімнен (Құраннан) бет бұрушылардың барлығына тіршіліктің тапшылығын береміз һәм қиямет күні оларды соқыр етіп тірілтеміз” [21]
Исламияттың басты мақсатының бірі адам баласының ақылын, санасын, ойлау қабілетін қорғау, ұрпақты жалғастыру, айналаны қоршаған ортаны (табиғатты) аялау. Сондықтан, хақ дініміз маскүнемдік, араққештік, шарапқұмарлық, нашақорлық сықылды естен тандыратын, адамның санасын құртатын жаман қылықтарды хоштамайды, оларды үзілді-кесілді лағынеттейді. Соңғы жылдары елімізде, өкінішке орай, осындай жағымсыз қылықтар көбейіп барады. Арақ-шараптан уланғандарды, бірін-бірі өлтіргендерді, өзінің үйін, кәсіпорнын байқамай өртегендерді күнде теледидардан көруге болады. Үшбұ азаматтарымыз Пайғамбарымыздың мына хадистері мен Құран Кәримдегі аяттарды білсе, істегендерінің қаншалықты ерсі екенін түсінер еді. Рахмет Елшісі бір сөзінде былай деген;
“Көбі мас қылатын нәрсенің азы да харам!”
Пайғамбарымыз бек көп хадистерінде көркем мінезді (ахлақ) мадақтаған. Өзінің өмірінде күллі адамзатқа үлгі болған. Оның мына сөздері қазір де маңыздылығын сақтауда;
“Шынында мен көркем мінезді тәмамдау үшін жіберілдім”
“Сендердің иман бойынша ең әдемілерің – мінез-құлық бойынша ең әдемілерің” “Аллаһ Тағаланың ең сүйікті пенделері ахлақ жағынан ең әдемі пенделер” “Ей Аллаһым! Сенен денсаулық, есендік һәм көркем ахлақты тілеймін!” Ақыл – адам баласының ең үлкен байлығы. Ақыл – иманның, діннің тіреуі. Расұлұллаһ мына хадисінде осы мәселені түсіндіреді;
“Адамның сүйеніші – ақылы. Ақылы жоқтың діні де жоқ!”
Иә, шындығында да ақылы жоқ адамның діні қайдан болсын?! Есірткіні сорып, масайып жатқан адамнан қоғамға, жанұяға қандай жақсылық болмақ?! Ең қарапайым, ең тұрпайы нәрселерді түсіну үшін, іске асыру үшін ақыл керек қой. Ал, дін секілді ең ұлық, ең рухани, ең пәк ұғымды түсіну үшін ақылдың да ақылы керек. Ақылы сергек, ойы таза адамдар ғана діннің қадірін білмек, терең ойламақ, таза иманды болмақ. Үйткені, иман дегеніміз сенім. Сенім – ғылым, білім болғанда ғана хасіл болады, бекиді. Ғылымсыз, білімсіз адамда қандай сенім болсын?! Ол неге сенгенін, не үшін сенгенін біле ала ма?! Міне, сондықтан, Исламият ойы, ұжданы сау адамдардың болғанын қалайды, соны бұйырады. Иманы берік, ойы тың адамдар тың ойлайды, харам нәрселерден, қылмыстан, құлдыраушылықтан аулақ болады. Олар дүниедегі һәм ахиреттегі жауапкершіліктен қорқады. Төмендегі хадистер осы мәселелерді анықтайды;
“Шүбәсіз, Аллаһ Тағала жұмсақ мінезді, ақ жарқын кісіні жақсы көреді”
“Мұсылман – тілінен һәм қолынан өзге мұсылмандар амандықта болатын адам” “Өзінің бауырына үш күннен артық кек сақтау мұсылманға халал болмайды” “Садақалардың ең абзалы – ренжіскен адамдарды татуластыру”
“Бір пенде басқа бір пенденің айыбын жапса, Аллаһ Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады”
“Егер біреудің жамандығынан оның көршілері толықтай амандықта болмаса, ол адамның иманы кәміл емес деген сөз”
“Жақсылық жасаңдар! Күдіксіз, Аллаһ жақсылық жасаушыларды сүйеді!” “Аллаһ ысрапқорларды жақтырпайды!”
“Ынсап – діннің жартысы-дүр!”
“Ұят – иманнан-дүр. Адамдардан ұялмайтындар, Аллаһ Тағаладан да ұялмайды” “Даналықтың басы – Аллаһтан қорқу”
“Уәдені орындау – иманның беріктігін көрсетеді”
“Шүйіншілеңдер, сескентпеңдер! Жеңілдетіңдер, қиындатпаңдар!”
“Адамдардың ең хайырлысы – адамдарға ең пайдалысы”
Әлбетте, жоғарыдағы хадистер мен мұқаддас аяттарды көбейтуге болады. Біздің мақсатымыз, осы көлемі шектеулі мақалада хақ дін Исламның, мұсылмандық иманның материалдық уә моральдық өзгерістерге тап болған фәрдтерді қаншалықты демейтінін, олардың рухын биік ұстайтынын көрсетпек еді. Дінге жай құлшылық тұрғысынан қараушылық – дінді толық түсінбегендік, толық бағаламағандық болады. Әрине, құлшылықсыз дін болмайтыны рас, бірақ, құлшылық діннің негізгі ұстындарының бірі, бәрі емес. Аумалы-төкпелі заманда ғибадатын жалғастырғандар үлкен рухани ләззәт алады, олардың Аллаһ Тағалаға деген сенімі, өз-өздеріне сенуге жетектейді. Құран Кәримдегі “ғасыр” сүресі, сондай бір зобалаң замандағы адамдарды суреттейді;
“Ғасырға (заманаға) ант болсын! Адам баласы, шынында, зиянда! Иман еткендер, салих (жақсы, хайырлы) ғамал (іс) істегендер, бір-біріне хақты үгіттегендер мен сабырды насихаттағандар ғана зиянда емес!” [22]
Демек, адам баласының бәрі зиянға ұшырайтын сондай ғасырда төмендегі 4 топтағылар ғана зияннан сақтанбақ;
1. Иман еткендер (сенімділер, мұминдер)
2. Жақсылық жасағандар
3. Хақты (туралықты) үгіттегендер
4. Сабырды үгіттегендер
Қорыта айтқанда, заманымыздағы һәм барша ғасырлардағы мәселелердің шешілуінде Исламияттың хақ орнын түсінуіміз керек. Қазақыстан қоғамында бұл күндері жиі қайталанып жатқан проблемалардың бастыларын жоғарыда көрсеттік. Құран Кәрим аяттары мен Расұлұллаһтың кейбір хадистерін келтіре отырып, Исламияттың аталмыш мәселелерге көзқарасын талдадық. Әлде де жазылмаған ойлар бар. Мұсылман елдердің тарихын саралағанда, әсіресе, ХХ ғасырда азаттық күресін жүргізген елдерде Исламның халыққа қаншалықты қуат-жігер бергенін байқаймыз. Африка мен Азиядағы көптеген мұсылман елдерінде Исламияттың жоғарыда үзінділері келтірілген қағидалары адамдардың өтпелі кезеңнен табысты өтуіне үлкен үлес қосқан. Елімізде, соңғы жылдары Исламияттың мәртебесінің күшеюі қуантарлық жағдай. Алайда, хақ дін Исламның тереңдігі ғылыми платформаларда лайықты мағнасын таппақ. Ғылыми жиналыстар, пікірталастар, ғылыми еңбектер, зерттеулер арқалы ғана Исламды түсіне аламыз, түсіндіре аламыз. Ойланайық.

[1] Инсан - адам, адам баласы
[2] Мәужүт – бар, қалыптасқан, пайда болған нәрсе, бар нәрсе
[3] Бәшериет – күллі адамзат
[4] Хайат - өмір, тірілік
[5] Милләт - ұлыт, нация
[6] B?y?k ?slam Tarihi, ?a? Yay?nlar?, Istanbul, 1992, 1-том, 170-бет
[7] Құран Кәрім, Зарият сүресі (51), 21- аят
[8] Құран Кәрім, Ғашия сүресі (88), 17-20 аяттар
[9] Мәуле - қамқоршы, ие
[10] Нәби - пайғамбар, елші
[11] H?kelekli, Hayati., Din Psikolojisi, Ankara, 1993, 80-бет
[12] Vergote, Antoine., Psychologie Religieuse, 3. Edition, Charles Dessart edt., Bruxelles, 1969, 293-бет
[13] Құран Кәрим, Рұм сүресі (30), 30-аят
[14] Құран Кәрим, Қасас сүресі (28), 77-аят
[15] Құран Кәрим, Нәжм сүресі, (53), 39-аят
[16] Құран Кәрим, Әли Имран сүресі (3), 200-аят
[17] Құран Кәрим, Ағраф сүресі (7), 94-аят
[18] Құран Кәрим, Ағраф сүресі (7), 130-аят
[19] Құран Кәрим, Нахл сүресі (16), 112-аят.
[20] Құран Кәрим, Әнғам сүресі, (6), 42-аят
[21] Құран Кәрим, Таха сұресі (20), 124-аят
[22] Құран Кәрим, Ғасыр сүресі (103),1-3 аяттар

ИСЛАМДАҒЫ ЖЕТІМДЕРДІ ЕСІРКЕУДІҢ МӘНІ ХАҚЫНДА

Қоғамдық өмірдің сиқын бұзушылар көбінесе әлеуметтік өмірден тыс қалған, томаға-тұйық, комплексті адамдар екені белгілі. Жетімдер дегеніміз әке-шешесінен айырылған, ата-анасыз өсуге мәжбүр болған қоғам мүшелері. Кішкентайынан жетім қалған балалардың жақсы тәрбие-білім алуы, олардың хұқұқтарының көзделуі барлық қоғам үшін аса маңызды. Сондықтан, Жаратқан Иеміз мұсылмандарға жетімдерге қарайласуды, оларды аялауды, есіркеуді һәм білім беріп, кәсіп үйретуді бұйырады:
«Олар сенен жетімдер туралы сұрайды. Оларға айт: Жетімдерді ислах ету (оларға жақсы тәрбие беріп, пайдалы адамдарға айналдыру) хайырлы. Ал, олармен бірге өмір сүрсеңдер, онда, олар сендердің бауырларың. Аллаһ бұзақылық жасаушыларды адал ғамал жасаушылардан ажыратады (біледі). Аллаһ қалағанда сендерді захматқа (бейнетке) кіргізер еді. Күдіксіз, Аллаһ ғазиз һәм хаким-дүр!» /[1]/.
Аталмыш аяттағы “йәтама” арабшадағы жетім (әл-йәтим) сөзінің көпше түрі. Сөздікте бәлиғатқа жетпей әкесіз қалғандарды жетім дейді. Олар кәмелетке толған соң жетім аталмайды.
Исламнан бұрынғы араб қоғамында жетімдердің ақысы көзделмеуші еді. Күштілер жетімдерді қанайтұғын. Мәселен, өлген әкесінен өзіне белгілі мөлшерде мүлік мирас қалған жетім қыздарды байлар не өздеріне не ұлдарына әйелдікке алатұғын. Кейбір зорлықшылар әкесінен дәулет қалған жетім қыздарды әйел етіп ала алмаған күннің өзінде оларды күң етіп, жәбірмен ұстайтұғын. Жетімдерді қорлау, оларды қақпайлау әдеттегі нәрсе саналатын. Осындай себептерге байланысты Аллаһ Тағала (4/9), (6/152) және (17/34) аяттарын түсірді:
«Жетімдердің мал-мүлкін зұлымдықпен жеушілер шынында жанып тұрған от жеп, қарындарына жалындап тұрған шоқ толтыруда!» және «Жетімдердің мал мүлкіне олар ер жеткенге дейін адал жолдан басқасымен жақындамаңдар!». Сүйтіп, Ұлық Раббымыз мұминдерге жетімдерге көмек беруді бұйырды. Бұл ес тоқтатпаған, ержетіп өзін һәм мүлкін қорғай алатын дәрежеге жетпеген азаматтарды қорғауымыз керектігін көрсетеді.
Осындай аяттар жіберілген соң мұсылмандар жетімдердің мал-мүлкіне жоламай кетеді, олардың ақысын жеп кетеміз деп қорқады. Сол себепті, олардың жағдайы күнбе-күн нашарлап, ауқаттары төмендей бастайды. Мұны көрген мұсылмандар қайтерін білмей аң-таң болады. Олар өз меншігін басқара алмайтын жетімдердің заттарын өздерінікіне қосса, аятқа қарсы келгендік болады деп ойлайды. Мал-мүлкі қараусыз, иен қалған жетімдердің бейбастақтыққа ұрынуы да мүмкін еді. Осындай жағдайда сахабалар Пайғамбарымызға барып, жетімдердің мал-мүлкі хақында сұрайды. Сонсоң, жоғарыдағы аят нәзіл болады. Нәтижесінде, Пайғамбарымыз жетімдерді тәрбиелеп, оларды қоғамға, адамзатқа пайдалы азаматтар етіп тәрбиелеуді бұйырады. Үйткені, олардың меншіктерін біз қорғамасақ талан-таражға ұшырап кетеді де олар ер жеткенде қолында ештеңке қалмайды. Жетімдерді мәпелелеп, тәлім-тәрбие бермесек, олар қоғамға өкпелі, құсалы жандар болып өседі де олардың тұрмыс құруы, ұрпақ тәрбиелеуі екіталай болады. Кішкентайынан оның мұның сөгісін естіп, әке-шешенің махаббатын көре алмай өскен жандардың психологиялық саулығының да мардымды болмасы анық. Міне, осындай себептерге байланысты мұсылмандардың міндеті жетімдерді есіркеу, оларға көмектесу, оларды сыйлау болып табылады.
Сахабалар әлде де күдіктенуші еді, жетімдердің мал-мүліктерінің халі не болмақ еді? Тағы да көптеген сұрақтар оларды мазалаушы еді. Осындай халде мына аят түсті: «Олардың тамақтарын өз тамақтарыңа, сусындарын өз сусындарыңа қосуларыңда сендерге обал жоқ! Үйткені, олар сендердің дін бауырларың-дүр. Аллаһ сендердің шын ниеттеріңді, кімнің ислах үшін, ал кімнің бұзақылық һәм қиянат үшін қосқанын анық біледі» /[2]/.
Сүйтіп, жеиімнің ақысын жедім бе? деп күдіктенушілерге жауап берілді. Кейбір тәфсіршілер бұл аятты жетімді қамқоршылыққа алған адам бай кісі болса, жетімге жасаған қызметі үшін ақы сұрамасын деп жориды. Ондай қамқоршылар жасаған жақсылықтарының бодауын жетімнен сұрамайды. Үйткені, Аллаһ Тағаланың бұйрығын орындау үшін қосымша ақы сұрау әбестік болады. Ал, қамқоршы кедей кісі болса, онда жетімнің мүлкінен әдден аспайтындай етіп пайдаланады да кейін жағдайы түзелгенде қайтарады. Қайтаруға жағдайы келмесе, жетімнен кешірім сұрап, халалдық алады. Бұған дәлел ретінде мына аят көрсетіледі:
«Байлар жетімнің мүлкіне ізеттілікпен қарасын, кедейлер мағрұф бойынша ғана жесін!» /[3]/. Жетімдердің меншіктері туралы хүкім мына аятта көрсетілген:
«Жетімдерді үйленер жасқа шейін сынаңдар. Егер олардың ер жеткеніне көз жеткізсеңдер, онда олардың меншіктерін өздеріне дереу қайтарып беріңдер! Олар ер жетіп, мүліктерін алады деп олардың меншіктерін асығып жеп-тауысуды көздемеңдер! Байлар олардың заттарын жеуден сақ болсын! Кедейлер мағрұф бойынша (әдден аспай) ғана жесін. Олардың меншіктерін өздеріне қайтарып бергенде қастарыңда куәгерлер болсын. Есеп сұраушылыққа Аллаһтың құдіреті жетерлік!» /[4]/.
Жоғарыдағы аяттар Жаратушының жетімдердің хұқұқтары жөніндегі бұйрықтарын түсіндіреді. Жетім ақысының Ислам дінінде қаншалықты маңызды мәселе екені осылайша анық болды. Аяттың ақырында Аллаһ Тағаланың жетімдердің жағдайынан есеп сұрайтыны айтылған. Демек, мұсылмандардың басты міндетінің бірі жетімдерге сый-сияпат көрсету, оларды ешқашан да қорламау. Жетімдердің қоғамда лайықты өмір сүруі үшін біз аталмыш міндеттерді үзілді-кесілді орындауға мәжбүрміз. Жетім балаларды ескерусіз қалдыру, оларды өз бетіне тастап кету адамгершілікке де жараспайды. Бұл індет қоғамда асқынған аурулардың пайда болуына апарып соқтырады. Мәселен, Құран Кәримдегі «Фәжір» сүресінде адамзатқа жіберілген апаттардың басты себептерінің бірі ретінде: «Олар жетімдерге қарайласпаушы еді» /[5]/ деп айтылған. Яғни, егер Аллаһ Тағала берген байлықтар мен мүмкіншіліктерді жетімдермен бөліспесек, әртүрлі апаттардың болуын күтуге болады.
Ал, сүйікті Пайғамбарымыз да көптеген хадистерінде жетімдердің хұқұқтары туралы хабарлаған. Мәселен, бір хадисінде:
«Жетімді өз кепілдігіне алып, қарайласқан адам және мен екеуіміз жәннетте мынандаймыз» деп, ортан терек пен өңге саусақтарын біріктіріп көрсеткен /[6]/.
Ибни Аббас айтады: «Расұлұллаһ былай деп айтты: «Кім мұсылманның жетімін алып, өзінің тамағына, сусынына кіргізсе, кешірілмейтін бір күнә (Аллаһ Тағалаға ортақ қосу) жасамаса, Аллаһ Тағала сол адамды мұхаққақ жәннетке қояды».» /[7]/.
Амр Ибнұ Шұғайыб ан Әбиһи ан Жәддиһи айтады: «Бір адам Пайғамбарымызға келіп: «Мен кедеймін, еш нәрсем жоқ, сүйте тұра (қарамағымда) бір жетімім бар» деді. Аллаһ Тағаланың елшісі оған: «Жетімнің мүлкінен же! Ләкин, мұны істегенде ысрапқа барма, асықпа, өзіңе имеденіп алма!» деді.» /[8]/.
Сахабадан Әбу Һұрайра риуаят етті: «Пайғамбарымыз былай деп айтты: «Мұсылмандардың ішіндегі ең хайырлы үй ішінде өзіне жақсылық жасалған жетімі бар үй. Ал, мұсылмандардың іщіндегі ең жаман үй ішінде өзіне жамандық жасалатын жетімі бар үй!». Ибни Аббас мынандай бір хадисті нақыл еткен: «Расұлұллаһ бұйырды: «Кім үш жетімді өсіріп, олардың нафақасын қамсыздандырса, ол әншейін өмір бойы түнімен намаз оқып, күнімен ораза ұстағандай және қылышымен Аллаһ жолында жиһад еткендей сауап табады. Сондай адаммен екеуіміз мына ағайынды саусақтар құсап жәннетте бірге боламыз» деп сұқ саусағы мен ортан саусағын қосып көрсетті.
Жоғарыда келтірілген аятттар мен хадистерге қарағанда жетімдерге қарайласу, оларды киіндіру һәм тамақтандыру әр мұсылманның басты міндетінің бірі. Осы арада айта кететін бір мәселе, жетімдерге жақсылық жасағанда тек Аллаһ Тағаланың разылығына ие болу үшін жасау керектігі, басқа мақсаттардың болмауы, шын ықыласпен, таза ниетпен ғана жасаудың абзалдығы. Сондықтан, жетім балаларға әрқандай жақсылық жасағанда олардың абыройларын ренжітпей, олардың да адам екенін ұмытпай, жылы лебізбен, басын сипап жасау керек. Аллаһ Тағала Дәһір сүресіндегі мына аятта осыны айтады:
«Тамақты қанша жақсы көргендерімен олар оны міскінге, жетімге және тұтқындарға да жегізеді» /[9]/. Мына аятта да: «Сүйген нәрселеріңнен бермейінше хақиқи ізгілікке жете алмайсыңдар!» /[10]/ делінген. Ал, Нахыл сүресінде жақсылық жасаудың абзал жолы туралы былай айтылған: «Олар жегізгенде, көңілдері хош болып жегізеді» /[11]/. Өзімізге қажетті заттарымызды Аллаһ ризалығы үшін фидә етіп берген соң, жылы лебізбен, күлер жүзбен жасағанымыз абзал, ағайын. Біздің Пайғамбарымыз Хәзіреті Мұхаммед те жетім еді. Ол кішкентайынан әкесіз-шешесіз қалған еді. Құрандағы мына аятта Пайғамбардың жетімдігі туралы былай делінген:
«Сені жетім кезіңде асырамадық па? Бала кезіңде жолынан адасқан кезіңде сенің жолыңды тураламадық па? Кедей екеніңді біле тұрып, сені байытпадық па? Ендеше, сен де жетімдерге қаһарланба!» /[12]/. Аяттағы «фә ла тақһар!» сөзін тәфсіршілер: «жетімге бетіңді тыржитпа, қабағыңды түйме, жетімге әкесіндей бол, мейірімді бол, жетімді қорлама» деп жорыған.
Ал, жетімдерге жасалатын ең үлкен жақсылықтың бірі олардың мектептерде, университеттерде білім алуына көмектесу. Еліміздің келешегі тікелей білімді, иманды азаматтардың саны мен сапасына байланысты. Білімді азаматтар әрқащанда өзін-өзі асырай алады, өзгелерге хайырымды болады. Жетім балалардың заманауи талапқа сай білім алуы олардың өздеріне һәм жалпы қоғамға үлкен игіліктер әкеледі. Жетім балаларға біздің ендігі бір борышымыз олардың бақытты жанұя құруларына көмектесу. Жетім қыз болса оны болашақ ана етіп тәрбиелеп, білім беріп, адал бір жігітпен бас қосуына көмектесу үлкен сауап. Жетім ер бала болса да жағдай солай. Осында ізгілікте жетім балаға баласын беретін ата-аналар ешқандай кедергі жасамай, керісінше жетімге ата-анасындай болғаны абзал.
Еліміздегі заңдар шетел азаматтарының Қазақстандағы жетім балаларды белгілі шарттарды орындаған соң асырап шетелге алып кетуіне рұқсат береді. Заңның осындай болуының көптеген объективти себептері бар. Алайда, біздің ұрпақтарымыздың шетелдерге кетуі, олардың туған елдерінен алыстап кетулеріне, туған тілі мен мұсылмандығынан қол үзуіне апарып соқтырмасына кім кепіл? Дәл бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дағдарыс кезінде мемлекеттің де жетімдерді қамқоршылыққа алған бюджеттік мекемелердің де жағдайын түсінуге болатын сықылды. Ал, дәулетті саудагерлеріміз бен іскер адамдарымыз балаларымыздың елімізден шетелге кетуіне көз жұмып отыра бере ме? Шетелдіктердің орынан біздің елімізде асырап алатын азаматтардың табылмай қалғаны ма? Бұл сұрақ бәрімізді ойлантуы керек, ағайын.
Жетім балаларымыздың мүшкіл жағдайын ескеріп, олар тұрмақ біздер қиналып жатқан үшбұ дағдарыс уақтында хайырымдылық шараларын қолданып жатқан бауырларыма Аллаһ Тағала риза болғай демекшімін. Ел болып, ағайын болып біріксек, осы мәселені де оңды шешеріміз анық. Раббымыздың бұйрығы, Пайғамбарымыздың ғибратты сөздері де соны талап етуде. Алға! Аллаһ сәтін берсін!

/[1]/ Құран Кәрим, Бақара сүресі (2), 220-аят
/[2]/ Құран Кәрим, Бақара сүресі (2), 220-аят
/[3]/ Әр-Рази, Тәфсир әл-Кәбир, VI-том, 52-бет
/[4]/ Құран Кәрим, Ниса сүресі (4), 6-аят.
/[5]/ Құран Кәрим, Фәжір сүресі (89), 17-аят.
/[6]/ Бұхари, әс-Сахих-и Бұхари, VII-том, 76-бет
/[7]/ Тирмизи, Бирр 14, 1918-хадис
/[8]/ Әбу Дәуіт, Уәсая 8, 2872-хадис және Нәсаи, Уәсая 11, 6,256-хадис.
/[9]/ Құран Кәрим, Дәһір сүресі (76), 8-аят.
/[10]/ Құран Кәрим, Әл-и Имран сүресі (3), 92-аят.
/[11]/ Құран Кәрим, Нахыл сүресі (17), 114-аят.
/[12]/ Құран Кәрим, Дұха сүресі (93), 6-9 аяттар.

ҒҰРБАТТАН АТА МЕКЕНГЕ

Ғұрбат. Қазіргі қазақ тілінде сирек қолданылатын ежелгі сөзіміз. Туған халқымыздың тарихы ғұрбатқа кеткен бауырларымыздың ғибратты хикаяларына толы. Бүгінде әр үш қазақтың бірі ғұрбатта өмір сүруде. Ресми деректер бұл фактіні растайды. Ғұрбат деп отырғанымыз – диаспора. Бірақ, оның мағнасы диаспорадан кең, бай һәм диаспораңыздан гөрі жылы, ыстық естіледі. Ғұрбат – арабшадан енген сөз; ғарыпшылық, ғарыптық, елінен, туған жерінен, отанынан алыста, көңілі жаралы күн кешушілікті ғұрбат, ғұрбатшылық дейді. Халқымызда ғарып-жарлы, ғарып-кәсір деген сөз тіркестері әлде де кезігеді.
Ал, диаспора деген қазақпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын гректің сөзі, кешегі Кеңес империясының қалдығы. Ғылыми деректерде (Webster’s New Dictionary, 390-бет) диаспора сөзі тек Филистинді (Палестина) тастап, жер шарына сүргінделген йаһұди (еврей) халқы жөнінде ғана қолданылады. Ал, қазақ халқы еврей емес қой! Және де қазақ халқы өзінің отанын тұтастай тастап, айдалған халық емес қой! Сондықтан, йаһұдилер хақында қолданылатын «диаспора» сөзін мұсылман һәм түркі нәсілінен қазақ халқының Қазақстаннан тыс жерде тұратын бауырларымыз турасында неге қолданамыз? Екіншіден, шетелде тұрады делінетін бауырларымыздың көпшілігі өздерінің бұрынғы мекенінде, яғни қазақ халқының Қазақстаннан тысқары қалған мекендерінде өмір сүруде. Мәселен, Омбы, Томбы, Құланды, Түмен, Саратов, Астрахан, Алтай, Шығыс Түркістан, Қобда Беті қатарлы елдердегі ағайындарымыз ғарыштан ұшып келген жоқ қой! Бұл олардың ғасырлар бойы мекен еткен ата қоныстары. Сондықтан, біз осы ауылдарымыз туралы «диаспора» сөзін қолдана алмаймыз. Ал, ғұрбат сөзі дәл осы жерде біздің қажетімізге жарайды. Үйткені, ғұрбат – өзінің туған жерінде болғанымен бұл күнде басқа мемлекеттің билігіне қарайтын, өзінің қалың қара орман қазағынан бөлініп, ғарыпшылық көріп жатқан бауырларымыз хақында да айтылады.
Қазақ халқы ғұрбатшылықты көп көрген халық. Бұл оның ұлылығының бір белгісі іспетті. Бұл күнде тек мықты, өскен халықтардың өкілдері ғана жан-жаққа таралған. Мәселен, түрік бауырларымыз Грекия, Бұлғарыстан, Румения, Албания, Македония, Косово, Қаратау, Босна уә Һерсек, Молдова, Қапқазия, Алмания, АҚШ, Таяу Шығыс, Орта Азия т.т. елдерінде жиі шоғырланған. Ауыстралияның өзінде 400 мыңдай түрік тұрады. Әр елде тұратын түріктер Түркияның абыройын асырады, елін танытады, отанға табысын жібереді, салым салады, ғұрбатта өз елінің тілеуін тілеп отырады. Бұл Түркия дәулетінің өзіне қаншама үлкен күш-қуат әпереді. Сол сықылды, біздің халқымыздың 1/3 бөлігінің шетелдерде, яғни ғұрбатта тұруы осыған саяды. Бір кезде халқымыздың қаншама көбейіп, асып-тасып, құдіретінің ұланғайыр аймаққа жайылғанын аңғарамыз. Қазақтардың отыздан астам елдерде тұратының ескеру жеткілікті.
Ғұрбаттағы бауырларымыз Қазақстан тәуелсіздік алғалы тұр дегенді ести сала, сонау 1989-1990 жылдардан бастап, көшіп келді. Алғашқы кезекте жақын ғұрбаттағы бауырларымыз, кейінірек алыстағылар елге қарай көшті. Аллаһ Тағалам көшкен бауырларымызға жеңілдік нәсіп етсін, жаңа мекендері жайлы болсын демекшімін. Ләкин, кейбір маңызды мәселелерді ашық айтатын тұс та жеткен секілді. Ол – ғұрбаттағы қазақтарға деген Кеңестік көзқарастың әлде де сеңі бұзылмай келе жатқаны. Кеңес билігі өзінен бұрынғы Ресей патшалығының «бөлшектеп, биле!» саясатын шебер ұстанды. Сондықтан, оларға мұсылман халықтарды, сонсоң түркі халықтарын, ахырында әрбір түркі халқын өзінің ішінде бөліп, араға жік салып, біріне-бірін дұшпан етіп қою саясаты қолданылды. Үшбұ себепті, шетелдегі қазақтар «сатқындар, қашқындар, байдың ұрқы, молданың ұрқы, тыңшы» деп айыпталды, жала жабылды. Әсіресе, Түркия, Иран, Еуропа, ҚХР елдеріндегі қазақтарды, олардың отаншыл азаматтарын қатты сынға алды. Олардың мұндағы ұрпақтарын, туыстарын азапқа салды. Міне, осындай кері үгітпен өскен һәм бұрынғы тоталитарлық жүйенің шашбауын көтеріп, соның арқасында «адам» болып, «күн» көріп жүрген кертартпашылардың әлде де болса осы кесапаттан айыға алмай отырғаны.
Жуықта, бір үлкен ағамыздың дастарханында отырғанымда, үй иесі мені меймандарға «Түркиядан көшіп келген бауырымыз» деп таныстырған-ды. Сонда отырған зейнеткер жастағы бір кісі «Иә, сатқындардың ұрқы екенсің ғой!» деп, маған тесірейе қарағаны есімде. Әлгі зейнеткерге маған айтқанының дұрыс емес екенін, дін жолымен һәм заң жағымен қарағанда нахош, күнә екенін айтып, бақтым. Бірақ, әбден санасына сіңген нәрсені шығарып тастау мүмкін болмады. Қарасам, қазіргі экономикалық дағдарыс кезінде ғұрбаттан келген қазақтарды кінәлі санайтын көрінеді. Елінің мүддесінен гөрі өзінің қара басының пайдасын жоғары ұстайтын сол кісіге айтқан пікірлерім босқа кетті. Ол, қаталық ұрық қуалайтындай, отызыншы жылдары босып кеткен қазақтардың өздерін ғана емес, олардың ұрпақтарын да жек көретінін көрсетті.
Жә, осы ащы хақиқатты айтқан соң бірнеше ойымды қысқаша қайырайын:
Біріншіден, шетелдерге кеткен қазақтарды қашқын, сатқын дей алмаймыз. Үйткені, жоғарыда айтқанымыздай, олардың айтарлықтай бөлігі өздерінің ежелгі мекенінде тұрады. Ал, Иран, Ауғаныстан, Түркия жеріне кеткен қазақтар кешегі ашаршылық, жаппай қудалау, тәркілеу зобалаңдары кезінде «босуға» мәжбүр болған жандар. Босу деген сөздің өзі олардың қандай себептермен кеткенін түсіндіреді. Ал, қашқын деп бүгінгі тәуелсіздік пен тоқшылықтың қадірін түсінбей, халықтың ақшасын жеп Швейцарияға, Америкаға, Израилға, Белгияға қашқан қазақтарды айтуға болады. Оларды «қазақ» деп атауға аузың бармайды-ау. Соғыс, қақтығыс, репрессия атаулы зұлматтардың бірде-бірі жоқ кезде, өздігінен қашқан адамдар, міне, тап солар. Ал, қысыл-таяң кездегі аталарымыздың неге жер аударғанын тарихшы ғалымдарымыз соңғы он жылда айтып һәм жөнді түсіндіріп келе жатыр.
Екіншіден, кетудің де кетуі бар ғой. Күш жинап, отанын қайта азат етуге басқа жаққа кеткен адамдар да бар. Мәселен, Мұстафа Шоқайды кім сатқын деп айта алады? Мұстафа Шоқайдай туған елін сүйген, халқының азаттығы үшін күрескен көсемдер некен-саяқ. Ол ширек ғасыр бойы шетелдерде туған халқының мерейін үстем ету үшін күрескен ардақты тұлға. Ислам тарихынан айтар болсақ, Пайғамбарымыз да 622 жылы өзінің туған елінен ауып Мәдинеге барған жоқ па? Ол, Мәдинеде мемлекет орнатып, бар жоғы сегіз жылдан кейін 630 ж. Меккені бұтқақұлдардан азат еткен жоқ па? Аллаһ Тағала қасиетті кітабымыз Құран Кәрімінде хақ жолда һижрат (көш) еткендерді мадақтаған. Мәселен, Әл-и Имран сүресінің 195-аятында Аллаһ жолында көшкендер былайша мадақталады:
«Олар көшті, жұртынан шығарылды, Аллаһ жолында қиыншылықтарға ұшырады, соғысыты һәм өлді. Ант болсын! Мен де олардың жамандықтарын жасырамын және оларды астынан өзендер ағатын жәннеттерге қоямын. Бұл сыйлық – Аллаһ тарапынан-дүр. Сауаптарыңа әдемі әжірді Аллаһ береді».
Ниса сүресіндегі 100-аятта былай делінген:
«Аллаһ жолында көшкен адам жер бетінде барарлық көптеген әдемі қоныстар һәм молшылық табады. Кім Аллаһ және Оның Пайғамбарының жолында көшу мақсатымен үйінен шықса, сонсоң жолшылықта ажал оны тапса (өлсе), ендеше оның сыйлығын беру Аллаһ Тағалаға тән! Аллаһ аса мейірімді, көп есіркеуші-дүр!»
Тәубе сүресі, 20-аятта былай делінген:
«Иман етіп һәм Аллаһ жолында көшкендер, мал-мүлкімен, жан-тәнімен күрескендер дәреже жағынан Аллаһ Тағаланың хұзырында өзгелерден үстем-дүр. Абыройға, ізгілікке жеткендер, міне, солар!»
Пайғамбарымыз Мәдинеге көшіп келген мұсылмандарды «Мұһажирұн» деп атаған. Сондықтан, біздің шетелдерге қилы себептерге байланысты діні, тілін сақтау үшін кеткен бауырларымыз бүгінде Қазақстанның өсуіне, өркендеуіне атсалысып, үлес қосуда. Ғұрбаттағы бауырларымыздың түрлі-түрлі салалардағы жетік тәжрибелері, өздеріне тән қасиеттері Қазақстан қоғамының мәдени, экономикалық потециалын күшейтуде.
Мемлекетіміз мықты болуы үшін қазақ халқының басы бірігіп, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда бұрынғы бүлікшілердің жауыз насихаттарын қоқысқа лақтырып, тәуелсіз мемлекеттің азаматтары ретінде егемендігімізді мәңгі сақтап, Қазақстанымызды мың жасату үшін еңбек етуіміз керек. Бұл өзін қазақ дейтін әр азаматтың өмірлік міндеті болуы керек те ұрпақтан ұрпаққа ол міндет қатаң сақталып, мінсіз атқарылуы шарт. Алыстан келген бауырларымыз туралы барлық хүкімділікті (предубеждение) жойып, оларды бауырға басып, олардың мұң-мұхтажын ықыласпен тыңдап, қаталықтары болса кешіріммен қарап, кемшіліктерін ортақтасып түзеуіміз-ақ керек. Мисалға, басқа ұлттардың өздерінің ғұрбаттағы бауырларына деген көзқарасын фактілермен келтірелік:
Еврей халқы дүние жүзіне таралған, сауда-саттықта, экономикалық іс-әрекеттерде шешуші рөл атқарып жатқан халық. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыға Израилдың сауда және экономика министрі Натан Шаранский келді. Ол ресми сапар барысында Орта Азия елдерін түгел аралап шықты. Қазақ теледидары Натан Шараскидің осыдан он шақты жыл бұрын Ресейден көшіп барған еврей екенін айтқанда таң қалдым. Ол өзінің «екі мың жыл» бұрынғы ата мекеніне барғанда бауырлары «Бұл Ресейден келген, сатқынның ұрқы, тыңшы» деп айтпаған, керісінше біліміне, қабілетіне қарап сауда және экономика министрі етіп қойған. Ал, Израилдың сауда-экономикасын басқарған адамның әлемде қаншалықты күшінің бар екенін өзіңіз-ақ ойлаңыз.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Литва мемлекетінде президент сайлауы болды. Бұл сайлауға АҚШ азаматы Адамкус деген диаспораның өкілі қатысып, президенттік сайлауды жеңіп алды. Ол президент болған соң жарты жылдан кейін ғана Литва азаматтығын қабылдады, зайыбы сол кезде әлде де АҚШ азаматы болып қалған-ды. Литва секілді өркениеті дамыған мемлекетте ешкім Адамкусқа қарсы шығып, «қашқын, тыңшы, сатқындардың ұрқы» демеді. Шаранский секілді өзінің туған тілін шала сөйлейтін бұл перзентін Литвалықтар бауырға басып, мемлекет басшысы етіп, сый көрсетті. Ол да өзінің еліне қолынан келгенінше қызмет етуде.
Бұларға қоса Солженицынды орыстардың қалай көтергенін айтсақ та жеткілікті. Армения мемлекетінің сыртқы істер министрі АҚШ азаматы армиян диаспорасының өкілі Вартан Осканян. Жуықта түрік теледидарына берген сұхбатында Түрікменістан президенті Сапармұрат Түркменбашы төрт вице-министрдің Түркия азаматтары екенін айтты. Олардың Түрікменістанның дамуына айтарлықтай үлес қосып жатқанын хабарлады. Бұған қоса жапон халқы тұрмайтын Перу мемлекетін он бір жыл бойы Алберто Фуджиморидің басқарғанын, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы болған М. Олбрайттың екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Чехиядан қашқанын айтуға болады. Тіпті, Чехия президенті В. Хавел қызмет мерзімі аяқтап келе жатқан Олбрайт ханымға телефондап, Чехияға көшіп келуін, президенттікті қуана қуана оған тапсыратынын айтқан. Алманиядағы Г. Коль басқарған христиан демократиялық одақтың басшылығына жуырда шығыс Алманиядан келген ханым сайланды.
Иә, мысалдар жеткілікті. Ұлт болған халықтар, дамыған мемлекеттер өз отандастарын пәлен жердікі, түлен жердікі деп бөлмей, объективті жағынан ғана қарап, елдің, мемлекеттің мүддесін жоғары ұстап қарауда. Жоғарыдағы айтылған кертартпа пікір иелерінің саны тым аз. Алайда, бір қарын майды бір құмалақ шірітеді дегендей, рухани ауруға шалдыққан осы бауырларымыздың бетін бері қаратып, халықтың бірлігіне ұйытқы етуіміз керек. Егемендігіміздің он жылдығында жарыққа шыққан «Көш» атты осы газет қазақ халқының ынтымағын нығайтуда маңызды қызмет атқарады деп сенемін. Көзі ашық, көкірегі ояу бауырларымызға Аллаһ Тағалам жар болғай! Хайырлы қызмет тілеймін.

АРМАН АЗАМАТТЫҚ

Қазақстан – тәуелсіз, дербес мемлекет. Биыл күллі қазақ баласының қара шаңырағы Қазақ Елінің еркіндікке қол жеткізгеніне 10 жыл толып, төбеміз көкке жетіп отыр. Жер-жиһанның түкпір-түкпіріне шашырап кеткен бауырларымыз қайда жүрсе де осындай алып, азат мемлекеттің барлығын мақтаныш тұтады, Аллаһ Тағаладан еліміздің аман, жұртымыздың тыныш, мемлекетіміздің буыны берік, қорғанысы толық ел болуын тілейді. Ендігі алда тұрған арман – қазақ баласын ата-мекенге топтастыру, мемлекетіміздің қай-қай жағынан мықты да дәулетті ел болуына атсалысу. Пайғамбарымыздың: «Хұбб-ил уатан, мин-әл иман» яғни «Отанды сүю – иманнан-дүр» х
Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь. Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Другие новости по теме:
Информация
Посетители, находящиеся в группе Гости, не могут оставлять комментарии к данной публикации.